Ковалев ауылдық кітапханасында көрнекті қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың рухына арналған «Поэзия менімен егіз бе едің…» атты поэзия кеші өтті. Биыл поэзия сүйер қауым ақынның туғанына 95 жыл толуын атап өтуде.
Іс-шара барысында кітапханашы ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қысқаша тоқталып, оның бай әдеби мұрасының бүгінгі күндегі маңызын атап өтті. Мұқағали Мақатаевтың халқымызға қалдырған асыл қазынасы тек мәңгілік өлең жолдарымен ғана шектелмей, сонымен қатар шетел классиктерінің шығармаларын жоғары көркемдік деңгейде қазақ тіліне аударған шебер аудармашы екені де айтылды.
Поэзия кешінде ақынның жүрекке жылы тиетін, терең философиялық мәнге толы «Бақыт деген не өзі», «Сенің көзің», «Фаризаға», «Ей, өмір» атты өлеңдері оқылды.
Кеш соңында кітапханашы поэзия кешіне қатысқан барлық оқырмандарға алғысын білдіріп, Мұқағали Мақатаевтың өзі сүйіп оқитың «Поэзия менімен егіз бе едің...» атты өлеңін оқып, мазмұнды әрі тағылымды шараны қорытындылады.











